«Дорожный» кітапхана филиалында «Қазақстан – халық тағдыры» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде Қазақстанның тәуелсіздік кезеңдерін, елдің экономика, сыртқы саясат, ғылым, мәдениет және білім беру салаларындағы жетістіктерін баяндайтын басылымдар ұсынылған. Олардың ішінде: С. Құсайыновтың «Қазақстан – қарашаңырағым», Ж. О. Артықбаевтың ұлттық тарихтың маңызды кезеңдерін ашып көрсететін «Қазақстан тарихы» кітаптар, М. П. Губин құрастырған «Память о целине» альбомы бірнеше буын қазақстандықтардың тағдырына ықпал еткен маңызды оқиғаларды баяндайды. Көрменің Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына арналған екінші бөлімінде осы тарихи оқиғаның маңызды қырларын көрсететін материалдар ұсынылған. «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!» бөлімінде О. Дымовтың «Мы, народ Казахстана…» атты кітабы қойылған, онда елдегі этностардың бірлігі мен әралуандығы айқын бейнеленген. Көрменің басты экспонаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуына арналған бөлім. Бұл жерде М. Жолдасбековтың «Летопись независимости» кітабы ерекше орын алады. Бұл басылым саясаткерлер, тарихшылар, саясаттанушылар және кең ауқымды оқырман қауым үшін үлкен қызығушылық тудырады.
«Қазақстан – халық тағдыры»
