А. С. Пушкин ат. қалалық балалар кітапханасында ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында «Асыл мұра» танымдық үйірмесінің қатысушы қыз балаларына арналған «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» атты ашық әңгіме алаңы ұйымдастырылды.
Кездесу аясында қыз балаларға өзін-өзі тануға, жеке қасиеттерін бағалауға, сенімділікті арттыруға арналған «Мен кіммін?» психологиялық тренингі өткізілді. Қатысушылар парағына өз бойындағы жақсы қасиеттері мен қызығушылықтарын жазып, бір-бірімен ой бөлісті. Сондай-ақ «Егер мен…» атты шығармашылық ойыны арқылы қыздарға армандауға, ой-қиялын еркін жеткізуге, өз пікірін ашық айтуға мүмкіндік берілді. Олар: «Егер мен суретші болсам…», «Егер мен ханшайым болсам…», «Егер мен мұғалім болсам…» сынды сөйлемдерді толықтырып, болашаққа деген көзқарастарын білдірді. Іс-шара шығармашылық бағыттағы тапсырмалармен жалғасын тапты. Қыздар өз қолдарымен бұйымдар (поделкалар) жасап, сурет салып, ұлттық нақыштағы элементтерді қолдана отырып өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, қазақ поэзиясының нәзік үнін жеткізген ақын апаларының жүрек тебірентер өлеңдерін нақышына келтіре оқып, рухани тәрбиеге сусындады.
Осындай тәрбиелік мәні зор басқосулар қыз балалардың ішкі жан дүниесін байытып қана қоймай, олардың ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, рухани тұрғыда дамуына үлкен үлес қосары анық.
Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы
