Кітапхана – руханият діңгегі

Кітап – адамзат өркениетінің темірқазығы, ұлттың рухани қазынасы. Қай дәуірде болсын, қоғамның ілгерілеуі мен өркендеуі білім мен руханиятқа, яғни кітапқа сүйенетіні сөзсіз. «Кітап оқымағанның ойы жетім» деген қанатты сөз қазіргі заманға да дәл келеді. Жаһандану кезеңінде ұлттық болмысымызды сақтап қалудың, өркениетті ел ретінде дамудың бірден-бір жолы – оқу мәдениетін қалыптастыру. Ашық сана, сыни ойлау, заман ағымына сай даму – барлығы да кітап оқудан басталады. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударып келеді. Ол Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, сапалы білім мен құндылықтарға негізделген кітаптардың басылуына баса мән беріп, қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Осы стратегиялық бастаманың нәтижесінде, елімізде 23 сәуір Ұлттық кітап күні болып ресми түрде бекітілді. Бұл – ұлт руханиятына көрсетілген зор құрмет пен кітапқа деген жауапты көзқарастың жарқын көрінісі.
Ұлттық кітап күні аясында «100 кітап» атты ұлттық сауалнама қолға алынды. Бұл – қазақстандықтардың әдеби талғамын зерделеуге бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық жоба. Сауалнама нәтижесінде ел руханиятына үлес қосқан ең құнды шығармалар мен авторлар анықталатын болады. Сауалнама қорытындысы 10 тамыз – Абай күні жарияланады.
Біздің облыста да кітапхана саласын дамыту мен жаңғыртуға айырықша көңіл бөлінуде. Таяуда облыс әкімдігінде өткен отырыста өңір басшысы Құмар Ақсақалов қазіргі заманғы кітапхананың тек кітап сақтайтын орын ғана емес, өсіп-өркендеуге, шығармашылық пен өзін-өзі дамытуға арналған кеңістік екенін атап өтті. Сондай-ақ ол мәдениет пен руханияттың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, оны ұлттық бірлік пен сана қалыптастырудағы негізгі фактор ретінде бағалады.
Бүгінгі таңда Қостанай қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Электронды ресурстарға кең қолжетімділік үшін WEB-RABIS жүйесі енгізілді, бұл оқырмандарға онлайн форматта да қызмет алуға мүмкіндік береді. Қостанай қаласы әкімдігінің қолдауымен А. С. Пушкин атындағы қалалық балалар кітапханасы және «Станционный» кітапхана-филиалына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Кітапхана рухани байлықтың ордасы болса, кітапханашы – соны сақтап, ұрпаққа жеткізуші жанашыр тұлға. Мемлекет тарапынан осы мамандық иелеріне құрмет пен қолдауды күшейту бағытында ерекше көңіл бөлініп, 24 қазан Кітапханашылар күні ретінде ресми түрде атап өтіле бастады. Бұл күн жас ұрпақ арасында кітапханашы мамандығына деген қызығушылықты арттырып, оның қоғамдағы маңызды рөлін айқындай түседі.
Қостанай өңірінде жүзеге асып жатқан жобалар мен жаңғырту жұмыстары – осы идеяның нақты әрі сәтті көрінісі. Бүгінгі таңда кітапханалар көпфункциялы мәдени кеңістіктерге айналуда. Бұл кітапхана қызметінің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді.