12 қарашада Қостанай облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінде діни рәсімдерде ысырапшылдыққа жол бермеу және оның алдын-алу мәселесі бойынша конференция өтті.
Оның барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай қажы Құрбанұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов, Қазақстан Жазушылар Одағының Қостанай облысындағы өкілі Жанұзақ Аязбеков, Ұзынкөл аудандық «Құрман баба» мешітінің алқа мүшесі, ауданның құрметті азаматы Кенесары Мырзахметов, облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің жанындағы ақылдастар алқасының мүшесі, Қостанай ауданының құрметі азаматы Әбдікәрім Баекеновтер көтерілген мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ есімі көпке таныс абыз ақсақалдар Торғайбай Уәлиев, Жандарбек Сейітов, мемлекет және қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев, филология ғылымдарының докторы, профессор Алмасбек Әбсадық және басқалар сөз сөйлеп, бұл басқосудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын соңында қатысушыларға Қостанай облысының бас имамы Бектұрсын қажы Торғайбайұлы бірқатар ұсынысын жеткізді.
Атап айтар болсақ:
– Қонақ асын тоқтату (жаназадан бір күн бұрынғы берілетін кешкі ас);
– ас мәзірін бірізділікке салу (бауырсақ, нан, қант, кәмпит-печенье, су, шәй, ыстық тамақ);
– ҚМДБ-ның «Қамқор – шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының бекіткен нормалары бойынша зират көтеру;
– бейне-роликтерді шариғатқа сәйкес дайындап, тек қана жылдық асында көрсету (қойылатын әуенге (музыка) назар аудару, алкогольді ішімдігі бар бейне және фото көріністерінің, әуреті ашық киімдердің болмауы);
– жаназа, қырқы, жылдық астарын жиналысқа айналдырмау. Онда үш адамнан артық кісіге сөз бермеу ұсынылды.
Конференцияға қатысушылар аталған ұсыныстарды орындау үшін облыс жұртшылығына хабарлау қажет деп ұйғарды.