Алаңсыздық

Ақбол тамсанып, таңдайын тақылдатып жатып оянды. Тұра сала, түнде жатар алдында жеген пешенейдің дәмін сезінді. Ұшып түрегеліп, өзі тығып қойған жылтыр қалтаны іздеуге кірісті. Тапқан қалтасы бос болып шықты. Түбін қотара төңкергенде, сырт-сырт еткен түрлі-түсті қағаздар ыбырсып жерге төгілді. «Қолқанат мені аңдыған. Тәттілерімді сол жеп тауысқан» деп ойлады артынша.
Ол жүгіріп келесі бөлмеге өтті. Қолқанат сонда пысылдап ұйықтап жатыр екен.
– Ей, Қолқанат, сенен бірдеңе жасыру тіптен мүмкін емес. Түнде осы сенің қолың қанат болып кете ме? Тығып қойған нәрсемді қалай тауып ала қойдың? – Ақбол ағасын жұлқылай бастады. Іштей қырсыққан Қолқанат көзін ашпады.
Бұл жағдай Ақболды қатты ашуландырды.
– Тұр, Қолқанат, аяққанат, мұрынқанат, көзқанат… – Ақбол ағасының аяғын басты, қолынан тартқылады. Мұрнын қысты, көзін шұқылады.
– Ей, кетші-ей, мазамды алмай. Ақболмақ тұрмақ, сары, қызыл, жасыл болсаң да. Көзіме көрінбе. Ұйқы бер маған, – Қолқанат келесі бүйіріне аударылып түсіп, бетін төсек жапқышпен бүркеп алды.
Дәл осы кезде сырттан аталарының:
– Ақбол, Қолқанат, қайдасыңдар? Мен сендерге дүкеннен дәмді тоқаш әкелдім, – деген дауысы естілді. Мұны естіген екеуі есікке қарай тұра жүгірді.
– Дәл кешегідей ме? Өрік, мейіз, жаңғақ қосылған ба? – деді Ақбол жете бере.
– Ірімшіктен жасалғандары бар ма? Бұрышталған, тұздалғандары керек маған, – дейді Қолқанат.
Ішіп-жеуден басқа уайымы жоқ қайран алаңсыз балалық шақ! Атасы кешікпей оларға сыйлықтарын үлестіріп жатты.

Нұрлан Құмар