Барлық халықтар достасатын жер

Қазақстан халқының бірлігі күні мен ҚХА 30 жылдығына орай А. С. Пушкин ат. ҚБК қызметкерлері «Барлық халықтар достасатын жер» атты фестиваль байкауын өткізді.
Екі тілде өткен фестиваль-байқауға Қостанай қаласының жалпы білім беретін М. Қозыбаев ат. № 23 мектеп, А. Бокейханов ат. мектеп, А. Бірімжанов ат. мектеп, № 7 мектеп, С. Мәуленов ат. гимназия, № 15 мектеп, № 32 мектебі қатысты.
Ел бірлігінің, достығы мен татулығын, ұлттар мен ұлыстар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты дәріптейтін байқау екі кезеңнен өтті.
Бірінші кезең шығармашылық өнер көрсетумен шектелсе, екінші кезеңде қатысушылар білімдерімен сайысты. Жас оқырмандар ұлтының салт-дәстүрін, ұлттық киімін, өнерін, тағамдарын және бірлікке шақырған рухани қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Сахна – ән мен бидің, жылы сөз бен шынайы сезімдердің ордасына айналды.
Іс-шара соңында өнерімен, білімімен қатарынан оза шапқан топтар, байқау жеңімпаздары кітапхана тарапынан жүлделі 1 орын – А. Бірімжанов атындағы ЖББМ, 2 орын – А. Бөкейханов атындағы ЖББМ, 3 орын – М. Қозыбаев атындағы № 23 ЖББМ дәрежелі дипломдармен және қалған қатысушы ұжымдар алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар кітапхана жанашыры, фестиваль-байқаудың демеушісі болған Қостанай облысы белорус қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Евгений Владимирович Сотниковтың атынан барлық қатысушыларға сымсыз құлаққап пен тәтті сыйлықтар тарту етілді.
Тақырыпқа сай өткен викторинаға қатысып көрермендер де тәттілерге ие болып, көтеріңкі көңіл күйде, ұйымдастырушыларға ыстық ықыластарын білдіріп тарқасты.