Олардың балалық шағына соғыс енді

А. С. Пушкин атындағы ҚБК қызметкерлері Мәриям Хакімжанова атындағы №20 ОМ «Олардың балалық шағына соғыс енді» атты әдеби-музыкалық композиция өткізді.
Іс-шара Ұлы Отан соғысы жылдарында зардап шеккен бейбіт халықтың, әсіресе балалардың ауыр тағдырына арналды. Мектеп оқушылары мен ұстаздарының назарына сол зұлмат кезеңдегі балалардың қайғысы, үміті мен төзімі туралы әсерлі фильмдер мен әуендер ұсынылды.
Оқушылар назарына ұсынылған бейнероликтер қатарында соғыс жылдарының рухын жеткізетін Елжан Берістенбаевтың «Жеңіс күні» және Сырбай Мәуленовтың «Соғыстан қайтқан солдаттар» әндеріне арналған бейнефильмдер ерекше әсер сыйлады. Бұл фильмдерден соғыстың зардабы мен батырлар ерлігін терең сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында оқушылар «Қаһармандардың ерлік шежіресі» атты кітапхана қорынан жасақталған кітап көрмеден тың мәліметтер алып, тарихи деректермен қанықты. Сонымен қатар көрермен назарына кітапхана қорынан жасақталып, балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген қазақ жазушыларының өмірбаяндық романдары таныстырылып, шолу жасалды. Көрме аясында кітапхана қызметкерлері Мұқағали Мақатаев, Сәбит Мұқанов, Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов сынды қаламгерлердің шығармашылық жолына тоқталып, олардың туындыларын оқытып, сол дәуірдің тынысын оқушыларға тереңірек сезіндіруге тырысты.
Бұл кеш оқушылардың бейбіт өмірдің қадірін түсінуге, өткенге тағзым етуге және Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етті.