Пушкиннің ертегілерін анық білеміз

Орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің туған күніне орай А. С. Пушкин ат. қалалық балалар кітапханасының қызметкерлері «Ақбота» үйірмесінің қатысушылары үшін «Пушкиннің ертегілерін анық білеміз» атты білгірлердің әдеби турнирін ұйымдастырды.
Турнир бірнеше қызықты кезеңдерден тұрды: викторина – Пушкин ертегілері бойынша білімдерін тексеру, «Сиқырлы жұмбақтар» – ертегі кейіпкерлері мен оқиғаларына байланысты жұмбақтарды шешу, «Ертегіні жалғастыр» – берілген мәтін үзіндісін логикалық түрде жалғастыру, сәйкестендіру – интерактивті тақтада кейіпкерлер мен оқиғаларды дұрыс байланыстыру, «Дұрыс па, бұрыс па?» – балалардың зейіні, жады және логикалық ойлауын дамытатын тапсырмалар.
Соңғы «Шығармашылық тапсырма» кезеңінде қатысушылар екі топқа бөлінді. Бірінші топ «Алтын әтеш туралы ертегіге» иллюстрация салып, өздерінің көркемдік қиялын көрсетті. Ал екінші топ «Балықшы мен балық туралы ертегідегі» кемпірдің тілектерін кезең-кезеңімен жазып шықты.
Іс-шара көңілді, қызықты әрі танымдық сипатта өтті. Балалар белсенділік танытып, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсете білді.
Шара соңында барлық қатысушылар тәтті сыйлықтармен марапатталды.